МЕШІТТЕРІМІЗГЕ ЖЕТПЕЙДІ ЕКЕН ДЕЙСІҢ ҒОЙ...
Қазір елімізде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, қазақша ғана сөйлейтін бірден-бір қоғамдық институт мешіттеріміз екен. Мешітке имене бас сұққан кез-келген ұлттың өкілі, қазақы ортаға келгендей күй кешеді. Себебі ондағы уағыз қазақша (Арабша, орысша емес) айтылады. Құлшылықтың алдында күбірлескен жұрт та өзара осы тілде сөйлеседі. Бағана Жандосов пен Розыбақиевтің қиылысындағы жаңа мешіттегі жұма намазына барғанмын. Ішінде орын болмай, жайнамазымды дәлізіне жаюыма тура келді. Оң жағыма татарларға ұқсайтын екі жігіт келіп жайғасты. «Бұйырған жер осы шығар» дегендеріне қарап, қазақ болар дедім.. Сосын түрі түрік пен шешенге келетін бір ақсақал өзі әрең отырған біздің арамызға кимелеп: «Әй, балалар. Сыйысайық. Өй, мына жерде он адамға орын бар екен ғой» деп әзілдеді. Әлгі қуысқа қыстырылған он мұсылманның тең жартысы өзге диаспорадан болатын. Бірақ бәрі бір-бірімен қазақша тіл қатысып жатты. Осыны көріп, басқа кертартпа мекемелермен салыстырғанда, мешіттеріміз шаңырақтың иесі кім екенін жамағатқа жақсы түсіндіріп жатыр екен деп ойладым...
© Жолымбет Мəкіш