Неше түрлі қонақ болады? Есентемір Бөленді Асау шешен қонаққа шақырып отырып: – Е, Бөле! Сізден бір-екі ауыз сөз сұрайын, рұқсат па? – депті. – Е-е, шырағым, сұра! – депті Бөлен. – Құдайдың бергені, үйден қонақ кетпейді. Бірі кетсе, бірі келеді. Біреулері бір келмейді, бірнеше келеді. Осыларды келініңіз көріп: «Мынау тағы келе жатыр ма?» – дейді. Бұл неткені? – депті Асау. – Ол – келіннің ырысы кеткені, – дейді Бөлен. – Ауылдың жас балалары кәрі қонақты жақтырмайды, соны күту­ден ерінеді. «Осы шалдарға не жоқ, қыдырды, жеді, бірсыпыра қызықты көрді, енді үйлерінде жатса қайтеді?» – дейді. Бұл неткені? – Ол – балалардан ерік кеткені. – Бөле! «Қонақ – қоңсы» дейді қазақ. Қонақ деген кім, қоңсы деген кім? – Қонақ деген – мына мен, жылына бір рет шақырумен келемін. Қоң­сы деген – мыналар, – деп айналадағы кісілерді көрсетеді. Пәленнің үйіне пәлен келіпті, барып амандасайық деп келеді. – Ал Бөле! Қонақ неше түрлі болады? – Қонақ төрт түрлі болады: Арнайы қонақ, Құдайы қонақ, Қыдырма қонақ, Қылғыма қонақ. Енді Бөлен Асаудан: – Жігіттің неше жұрты бар? – деп сұрайды. – Жігіттің үш жұрты бар деп ойлаймын, — дейді Асау: Қайын жұрты – міншіл, Өз жұрты – күншіл, Нағашы жұрты – сыншыл. Соңда Бөлен: – Жігіттің төрт жұрты болатын еді, біреуін тастап кеттіңіз. Ол – елінің азаматы. Бәрінен де артық сол еді-ау! – депті.

Теги других блогов: қазақ қонақ түрлері