Баланың нәресте шағындағы тәрбие Мұсылман дінінде бала тәрбиесі жақсы жар таңдаудан басталатыны, ақ неке қиылған соң ізгі ұрпақ тілеп дұға етудің маңызы, сондай-ақ ананың жүктілік кезеңінде қандай нәрселерге мән беруі керектігі аз-кем сөз болды. Ал енді бала туылғаннан кейін не істеу керек? Баланы ислами дәстүр бойынша қалай тәрбиелеу керек? Сол жайында азырақ сөз қозғамақпыз. Жалпы, Ислам дінінде баланың ата-ана алдындағы міндеті болатыны сияқты, баланың алдында ата-ананың да бірқатар атқаратын міндеттері болады. Алла тағала балаға жақсылық жасауды ата-ана мойнына аманат еткен. Ал дінімізде ешбір аманатқа қиянат жасауға болмайтындығы анық. Олай болса, нәресте дүниеге келісімен, оны мұсылман етіп тәрбиелеуге қатысты міндеттерімізді атқаруға кірісуіміз керек. Ең бірінші міндетіміз – балаға азан шақырып жақсы ат қою. Ардақты пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде бұл жайлы: «Сендер қиямет күні өз есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар. Олай болса балаға әдемі есім қойыңдар», – делінген. Ат қоюды бала туылған күні немесе жетінші күні атқаруға болады. Қиямет күні адамдар өз аттары және әкелерінің атымен шақырылатындықтан, есімді дінімізбен байланыстырып қойған дұрыс. Мысалы, Алла тағаланың 99 есіміне абд (құлы) деген сөзді қосып, Абдулла, Абдурахман, Абдурахим, Абдусамат деген секілді етіп қоюға болады. Сондай-ақ ұлдарына Ибраһим, Ілияс, Дәуіт, Сүлеймен, Ыдырыс, Ысқақ секілді пайғамбарлардың есімін қою да дәстүрге айналған. Адам есімін таңдаудың астарында жақсы тілек жатады. Мәселен, Мұхаммед деген есім мазмұны білдіріп тұрғандай, бала мақтаулы болсын немесе Мұхаммед пайғамбардың шынайы үмметі болсын деген сынды ізгі ниет, тілектер жатыр деп саналады. Халқымыз ат қойғанда «Атына заты сай болсын» деп жататыны осыдан болса керек. Балаға ат қоярда баланың құлағына азан шақыру өз алдына үлкен бір тәрбие. Құранда былай делінген: وَاللَّـهُ أَخْرَجَكُم مِّن بُطُونِ أُمَّهَاتِكُمْ لَا تَعْلَمُونَ شَيْئًا وَجَعَلَ لَكُمُ السَّمْعَ وَالْأَبْصَارَ وَالْأَفْئِدَةَ ۙ لَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ ﴿٧٨﴾ «Алла сендерді аналарыңның ішінен еш нәрсені білмейтін күйде шығарды. Сонда сендерге құлақ, көз және жүрек берді, шүкірлік етерсіңдер». Демек, біздің шүкір етуіміз үшін берілген мүшелердің бірі – құлақ. Сол құлақтардың бұл дүниеде алғашқы еститін сөзі Алла тағаланың есімі болуы тиіс. Қазақ халқы осы дәстүрді сан ғасырдан бері орындап, жас нәрестенің құлағына азан айтып, ат қойып келеді. Мұсылман ата-ананың дүниеге келген баланың шашын алатыны, ұлды сүндетке отырғызатыны, оларға арнап ақиқа құрбандығын шалуы да дінімізде орны ерекше міндеттер. Пайғамбарымыз бұл туралы: «Әрбір сәби ақиқасымен тұсауланған. Жетінші күні оның атынан ақиқа құрбаны шалынып, шашы алынады және аты қойылады» – деген. Бұлардан өзге аса көп көңіл бөлінуі тиіс мәселе - баланы емізу мәселесі. Баланы емізудің өзі тәрбие екендігін ұмытпауға тиіспіз. Құранда баланың сүт ему уақыты толық екі жыл деп көрсетілген. Бұл жерде ескерілетін нәрсе – сүт емізетін ананың әрбір әрекеті бала тәрбиесіне әсер етеді. Шешесінің өз сәбиін мейірлене құшағына басуының өзі тәрбие саналады. Өйткені бұл арқылы емізулі бала нәресте шағынан-ақ мейірім деген ұғымды түсінеді. Бұл оның кейін өзі де мейірімді, жұмсақ мінезді болып өсуіне септігін тигізеді. Олай болса, баланың иманды, зерек, еңбекқор, жәрдемсүйгіш, кісі ақысын жемейтін адал болып өсуіне ана сүтінің әсері мол. Әйгілі ойшыл Жүсіп Баласағұн «Сүтпен біткен мінез сүйекпен кетеді» деген аталы сөз қалдырған. Ал Зере әжеміздің ұлы Абайды, әкесі Құнанбайды дәретсіз емізбегені жайлы да көп айтылып жүр. Ендеше, Абайдың Абай болуына мұның да септігі тимеді деп айта алмаймыз. Пайғамбарымыздың бір хадисінде: «Жас кезде берілген тәрбие тасқа қашалған жазумен тең, жасы ұлғайған кісіні тәрбиелеу құмға сіңген сумен тең», – делінген. Міне, осы нәрсе ата-ана есінен шықпауы керек. Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ