1993 жылы американдық фото тілші Кевин Картер Африкаға келеді. Сол жылы қарақұрлықты құрғақшылық жайлап, халық аштық зардабын қатты тартып жатқан кез болатын. Кевин бір ауылға келсе, тұрғындардың барлығы БҰҰ-ның таратып жатқан азық-түлігін алу үшін кетіп қалыпты. Мұндай мүмкіндікті қалт жібермеген Картер емін-еркін ауылға кіріп, асықпай аралап көруді жөн санайды. Бір уақытта шешесінен ажырап, аштықтың салдарынан құр сүлдесі қалған 4-5 жасар баланы көзі шалады. Артында баланың өлуін күтіп тазқара отыр. Бұл көріністі дереу түсіріп ала қояды. Сәтті болған жұмысына қуанышы қойнына сыймай еліне оралады. Суретшілердің көрмесіне қатысып, атақты «Футзер» сыйлығын жеңіп алады. Жүлдесін жора-жолдастарымен бір кафеде жуып тастап, кешке үйіне оралады. Диванда ойланып жатып, өз суретіне қайта үңіледі. Бұл жолы басқаша көзбен қарай бастайды. Біреу түртіп қалғандай санасында ақиқаттың ұшқыны жарқ ете қалады: «Әлгі аш балаға неге жәрдем бермедім? Ол құстың жемтігіне айналып кетпеді ме екен?» деген сұрақ қатты мазалайды. Осылайша үш ай бойы жанын жегідей жеп, ақыры есінен айырылып, өз-өзін асып өлтіреді...
P.S. Жаңа жыл қарсаңында. Балалар киімі дүкенінде немерелеріне киім-кешек алып жүрген егде тартқан бір әйел кенет суықтан бүрісіп, терезеден өзіне тесіле қарап тұрған баланы көріп шошып қалыпты. Іле-шала сыртқа шығып, әлгі бейшара сәбиге ұрса жөнеліпті. «Неменеге телміріп тұрсың?!» десе керек. Әлгі сәби самарқау ғана «Мен мейірімді де шапағатты құдайдың маған аяз атадан бір жұп қысқы аяқ киім беріп жіберуін тітеп тұрмын» депті.
Сәбидің жұқалтаң, жабырқау жүзіне қарап аналық мейірімі оянған әйел баланы жетелеп ішке кіріпті де көптеген қысқы киімдер алып беріп, киіндіріпті. Егде әйел енді бұрылып жүре бергенде өзінен көз алмай қарап тұрған сәби, қолынан ұстай қалып, «Сіз мейірімді де шапағатты құдайдың әйелісіз бе?!» деп таңырқай сұраған екен. Әйелдің көзінен жас парлап қоя беріпті.
Қандай қасіретті, азапты сұрақ бұл. Бұл сұрақта сәби санасына түскен жетімдік пен аш-жалаңаштықтың бар қайғысы мен жылт еткен үміт ұшқыны бірдей сезіліп тұр.Сәбилерді жылатпайықшы, адамзат!
Авторы: Қайсар Қауымбек